Menu

Қазақстанда алкогольсіз сусындар шығаратын зауыттың іргетасын қалау салтанаты өтті

2025 жылғы 16 қыркүйек күні Алматы облысы Іле ауданы, Боралдай ауылында жаңа алкогольсіз сусындар шығаратын зауыттың іргетасын қалау және инвестициялық келісімге қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шараға салалық министрліктердің, Алматы облысы әкімдігінің және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында:

  • Ермек Кенжеханұлы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі;
  • Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар комитетінің төрағасы;
  • Якоб Ааруп-Андерсен, Carlsberg Group компаниясының бас директоры;
  • Вячеслав Мальцев, Carlsberg Kazakhstan компаниясының бас директоры.

«Бүгінгі күнді тарихи сәт деп толық сеніммен айтуға болады, себебі біз өңіріміз үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды үлкен жолдың бастауына куә болып отырмыз. Бұл жобаның жүзеге асырылуы – жай ғана заманауи кәсіпорынның құрылысы емес. Бұл – инвесторлардың Қазақстанға деген сенімінің символы, еліміздің азық-түлік өнеркәсібін нығайтудың символы және алға нық қадам басудың белгісі», – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы. 

Жаңа өндірістік нысан 17 гектар аумақта бой көтермек. Жоба PepsiCo компаниясының лицензиясы бойынша өнім өндіреді. Кәсіпорынның толық қуаттылығы жылына шамамен 1 млрд литрді құрайды.Өнімнің негізгі өткізу нарықтары Қазақстан мен Қырғызстан болады. Жоба аясында Қазақстан экономикасына шамамен 344 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады. 

«Қазақстанда 27 жыл бойы қызмет атқару кезеңінде Топ тарапынан шамамен 640 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Оның ішінде 344 млн АҚШ доллары жаңа зауыт құрылысына бағытталды. Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде бұған дейін құрылған 500 жұмыс орнына қосымша тағы 230 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады», – деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов.

Жергілікті қосалқы өндірістерді дамытуға айрықша назар аударылады. Сатып алулар құрылымындағы жергілікті қамту үлесі 80%-ды құрап, оған арпа, бидай, алюминий, шыны бөтелке және картон секілді тауарлар енгізілген. Аталған өнімдердің елеулі бөлігі қазақстандық өндірушілерден қамтамасыз етіледі.

«Жаңа зауыт – жай ғана өндірістік алаң емес. Бұл – біздің Қазақстанға деген ұзақ мерзімді міндеттемелеріміздің символы. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашатын, заманауи технологияларды енгізетін және ел экономикасына елеулі үлес қосатын инвестиция. Құрылысы аяқталған соң бұл кәсіпорын өңірдегі ең заманауи әрі тұрақты зауыттардың біріне айналып, халықаралық стандарттарға толық сәйкес болады», - деп қосты Carlsberg Group компаниясының бас директоры Якоб Ааруп-Андерсен.